Отандық ғалымдар әзірлеген QazCovid-in коронавирусқа қарсы вакцина клиникалық зерттеулердің соңғы үшінші кезеңі жүргізіліп жатыр. Зерттеу жұмыстарының алғашқы екі кезеңі 2020 жылдың қараша айында аяқталды. Оған 200-ден астам қазақстандық қатысты. Клиникалық зерттеулердің алғашқы екі фазасының нәтижелері QazCovid-in инактивтендірілген вакцинасының қауіпсіз екенін, сондай-ақ антиденелер қалыптастырып, жасушалық және гуморальдық иммунитетті индукциялайтынын көрсетті.
Клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңі өткен жылдың желтоқсан айында басталған болатын. Оған 3 мың ерікті қатысып жатыр. Ресми түрде волонтер болғысы келетін және бағдарламаға қосылуға ниет білдірген қазақстандықтардан ҚР БҒМ Ғылым комитетіне көп өтініш келіп түсті. Ресми зерттеу хаттамасынан тыс вакцинаны салдыртуға дайын еріктілер де болды.
QazCovid-in вакцинасының клиникалық зерттеуінің үшінші кезеңі республиканың медициналық орталықтары базасында жүргізіліп жатқанын естеріңізге сала кетейік. Алдыңғы кезеңдер сияқты, қорытынды фаза Дүниежүзілік Медицина қауымдастығының Хельсинки декларациясының ережелеріне, "Тиісті клиникалық практика" (GCP) басшылығының талаптарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізіліп жатыр.