ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР, ҚАДІРЛІ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ, КӘСІПОДАҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ КӨШБАСШЫЛАРЫ МЕН АРДАҚТЫ АРДАГЕРЛЕР!
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының атынан Сіздерді кәсіби мереке – Кәсіподақтар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Кәсіподақ – еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиімді тетігі.
Салалық кәсіподақ білім қызметкерлері – кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғау бағытында ауқымды жұмыс жүргізуде.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының құқықтық инспекторлары кәсіподақ мүшелерінің 15 318 өтінішін қарап, шешті, құқықтық мәселелер бойынша 12 173 тегін кеңес берілді.
Еңбек заңнамасының орындалуын қоғамдық бақылау шеңберінде 1 188 тексеру жүргізілді, 2 620 түрлі еңбек заңнамасын бұзушылық дерегі анықталды.
Кәсіподақтың құқықтық қызметінің көмегімен заңсыз жұмыстан босатылған 4 қызметкер жұмысқа қайта алынды.
Кәсіподақ мүшелерінің жеке еңбек дауларын шешуде келісу комиссиялары арқылы - 223, соттарда – 17 іске құқықтық көмек көрсетілді.
Кәсіподақ органдарының талаптары бойынша кәсіподақ мүшелеріне республика бойынша жалпы сомасы 124 180 505 теңгені құрайтын заңсыз ұсталған, төленбеген ақша сомасы кері қайтарылды.
Осы жұмыстардың артында әрбір ұжымда кәсіподақ мүшелерінің еңбек жағдайлары мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етуге күш салып жүрген кәсіподақ көшбасшыларының қажырлы қызметі тұр.
Ұжымның ортақ мүддесі үшін күш-жігерлеріңізді аямай еңбек етіп жүрген барша әріптестерге ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын.
Кәсіподақ күші – бірлікте! Кәсіподақ ұйымдары татулықтың тағылымын танытып, береке бастауы – бірлікпен келелі істерінің көкжиегін кеңейте берсін!
Қадірлі әріптестер! Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, отбасыларыңызға амандық, қызметте жаңа табыстар, еңбек адамының мүдделерін қорғау ісіндегі барлық бастамаларыңызға жарқын жетістіктер мен жеңістер тілеймін. Мереке құтты болсын, әріптестер!
#БІЗБІРГЕМІЗ
Ізгі ниетпен,
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева