26.03.2026
Бүгін №3 жалпы орта білім беретін мектепте аудандық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің бірлестігінің №4 отырысы өткізілді. Отырыс тақырыбы – «Белсенді оқыту әдістері арқылы қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту».
Мақсаты:
Мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, белсенді оқыту әдістерін тиімді қолдану арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жолдарын талқылау және тәжірибе алмасу.
Күн тәртібіне сәйкес алғашқы мәселе бойынша №3 ЖОББМ мұғалімі Егізбай Ұнатхан «Жасанды интеллектті мектептің білім беру үдерісіне енгізу» тақырыбында баяндама жасап, заманауи технологиялардың мүмкіндіктеріне тоқталды. Ол жасанды интеллект құралдарын сабақта тиімді пайдалану жолдарын көрсетіп, оқыту сапасын арттырудағы маңызын атап өтті.
Екінші мәселе аясында жетекшілер емтихан тапсырмалары бойынша жүргізілген жұмыстарға талдау жасап, оқушылардың білім деңгейі мен дайындық сапасына тоқталды. Сонымен қатар алдағы уақытта білім сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар берілді.
Отырыс барысында мұғалімдер өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу нәтижесінде білім беру үдерісін жетілдіру және оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру бойынша бірқатар ұсыныстар қабылданды.