Текст
3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 2021 жылы 98,1%-ға жетті. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі 83,6%-ды құрайды.
Жекеменшік балабақшаларды дамытуды ынталандыру ваучерлік тетікті енгізу жолымен жалғасатын болады. Ол үшін бір тәрбиеленушіге жан басына шаққандағы норматив 31 мыңнан 40 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Ваучерлік қаржыландыру кезінде ақша білім беру ұйымына емес, балаға түседі. Бұл дегеніміз, ата-ана өз баласына жеке немесе мемлекеттік, кез-келген балабақшаны таңдай алады және мемлекет оған бөлетін ваучердің қызметтерін төлей алады. Осылайша, мектепке дейінгі білім беру сапасын бағалайтын білім басқармасы емес, білім беру қызметін тұтынушының өзі болады.
Жаңа оқу жылынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балабақшаларда мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделін енгізу басталады. Бұл үшін Мемлекеттік стандартқа өзгерістер енгізіледі және "ойын арқылы оқыту" қағидаты негізінде Үлгілік оқу бағдарламалары қайта қаралады.
Жаз айларында балалардың мектепалды даярлығы күшейтіледі, сауаттылық және математика бойынша оқытуға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ балаларды ерте дамыту институтын құру және ECERS тәуелсіз бағалау жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
Дереккөз – Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлігі @ Көшіру кезінде дереккөз сілтемесін пайдаланыңыз.