Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің өмірі мен шығармашылығына қысқаша түрде тоқталу барысында, жазушы туындылары туралы ғалым зерттеушілердің пікірлерімен тиянақтай отыратын боламыз.
Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Әбділдә Тәжібаев бастаған бір шоғыр қаламгерлер жаңа заман қазақ әдебиетінің көшбасшылары ретінде, пролетарлық совет әдебиеті ауқымында әдеби үдерісті алға жетеледі. Қоғам барда, сол қоғам өмір сүріп жатқан дәуірдің сұраныс-талабына сай әдебиет жасалады. Қалай айтсақ та, қазақ әдебиетінің ең қанат жайып дәуірлеген, жаңа толқын шығармашыл буындар бірінен кейін бірі келіп, жанрлық, көркемдік көкжиекті кеңейткен кезең – қазақ совет әдебиетінің тұсы болды. Бұл кезең – «қазақ әдебиетінің алтын ғасыры». Академик Рымғали Нұрғали кеңес дәуіріндегі әдебиет алыптарының шығармашылық миссиясы туралы былай деп баға береді: «Әдебиет тарихында Ғабит есімі Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбиттермен қатар аталады. Бұлар – өнеріміздегі жаңа арналардың көш бастаушылары. Әрине үлкен жазушы, кемел суреткер болу – бақыт, ал көшбасылық одан да зор абырой. Қазақ жаңа әдебиетінің ірге тасын қалау миссиясы осы алыптарға бұйырды».
Қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі атанған кемел жазушы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов алпыс жылға жуық шығармашылық ғұмыр кешіп, 1985 жылдың 28 желтоқсанында сексен үш жасында дүниеден озды. Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің есімі өз тұсында Қазақстан ауқымынан асып, одақтық, әлемдік деңгейде танымалдыққа ие болды. Шығармалары қырыққа жуық тілге аударылған жазушы. Жазушы шығармалары «Ана тілінен» Қазақ әдебиетіне» дейінгі мектеп оқулықтарына тұрақты орын алып келе жатыр. Жазушы есімімен аталатын мектеп, көшелер, республиканың әр түкпірінде кездеседі. Солтүстік Қазақстан облысында бір аудан Ғабит Мүсірепов атында. Мұның барлығы – жазушы шығармашылығына деген құрметтің белгісі.
Иржанова Б.Е.