Елордада Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті Ы.Алтынсарин акдемиясымен бірлесіп «Біртұтас білім беру бағдарламасы: құндылықтар және оларды қалыптастыру жоспары» атты республикалық семинар өткізді. Оған республика педагогтері мен мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әдіскерлер, білім басқармаларының өкілдері қатысты.
Семинарда ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылында оқу-тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті. Министр балалардың бойына ұлттық құндылықтарды, отансүйгіштікті, еңбекқорлықты, жауапкершілікті сіңіру қажеттілігін атап айтты.
«Бала тәрбиесі – бүкіл қоғамның міндеті. Өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөліп, оларды игі істерге бағыттауымыз керек. Барлық оқу орындарында оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру, балалардың бойына адами құндылықтарды сіңіру, мектеп пен отбасының өзара байланысын нығайту маңызды. Мектептердегі біртұтас тәрбие бағдарламасы осы мақсаттарға жетудің тиімді құралдарының біріне айналады», - деді Ғани Бейсембаев.
Айта кету керек, республикалық семинардың 60 қатысушысы өз өңірлерінде тәрбие жұмысының тәлімгерлері болады. Сондай-ақ, екі күнге созылған шара аясында қатысушылар мектептегі оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда әлеуметтік тәжірибені қолдану мәселелері бойынша пікір алмасып, жан-жақты үйлесімді дамыған және әлеуметтік тұрғыдан жауапты тұлға қалыптастыру үшін оқу-тәрбие процесінің тиімділігін арттыру жолдарын талқылады.
https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/603896?lang=kk