Қазақ тілі - әлем тілдері арасында ең әуезді ғана емес, ең бай тілдің бірі. Мәселен, ғалымдар пікірінше, ең бай саналатын араб тілінде 12 миллион 300 мың, ағылшын тілінде - 750 мың, ал қазақ тілінде 600 мың сөз бар. Яғни, тіл байлығы жағынан әлемде үштікте тұрмыз. Түркі тілдерінің арасындағы төркін-тамырын сақтаған құнарлысы да - қазақ тілі. Сондықтан да бұндай байлыққа құрметпен қарау - әрбір азаматтың парызы. Айта кетерлігі, қазақ тілі ауызекі әңгімеде бір-бірінен бөлектенетін, жергілікті жұрттың тұрмысында ғана қолданылатын «диалект» сөздерге де кенде емес. Тіпті сөзді былай қойыңыз, сөйлеу мәнерінен, әңгіме мақамынан-ақ кімнің қай облыстан, қай өңірден екенін дөп басуға да болады. Белгілі бір өңірлерде ғана қолданылатын ондай сөйлеу мәнері мен сөздер, сөз тіркестері кейде адамдардың түсінбеушілігін тудырса, кейде үлкен әзіл әңгімеге арқау болады. Батыс пен шығыста, оңтүстік пен солтүстікте, орталықта қолданылатын осындай ерекше сөздердің мәнісіне үңіліп, санамалап көргенді де жөн санаған едік. Сонымен, әдеби тілдегі кейбір сөздердің жергілікті халықтың ауызекі тілінде бірнеше нұсқасы кездеседі. Мәселен, қиярды шығыс өңірдің тұрғындары «әгүршік» десе, оңтүстіктегілер «бәдірен» дейді. Семей мен Павлодар өңірлерінде «сарымсақ», ал Ақтөбе мен Қызылорданың бір бөлігінде «жуа» деп пиязды айтады. «Үлкен» сөзін де әр аймаққа барғанда әртүрлі естисіз, мәселен «дөкей», «әйдік», «дырау», «нән», «жоян», «дәу» десе, оның бәрі - үлкен дегенді білдіреді. Қарапайым ағаш орындықты батыста «отырғыш», ал солтүстікте «тақ» деп атауы мүмкін. Бір қызығы, «тәте» деп Жамбылда, Павлодарда, Орал мен Шымкентте ер адамға қаратып айтатын болса, бұл сөз еліміздің өзге өңірлерінде жасы үлкен әйелдерге қатысты қолданылады. Сіріңкенің де кейбір облыстарда атауы өзгеріп кетеді: «кеуірт», «шырпы», «оттық». Батыста пиманы «байпақ» дейтін болса, кейбір өңірлерді байпағыңыз шұлықты білдіреді. Айтпақшы шұлық кей жерлерде «ұйық» деп те аталады. «Ер адам киетін жейде» десеңіз барлық аймақта бірдей түсіне бермейді, кейбір өңірлерде бұл - «көйлек». Таң қалған сәтте «мәссағанмен» қатар, батыста «қасқа», оңтүстікте «өлә» деген диалект сөздер қолданылуы мүмкін. Қантты батыста «секер», оңтүстікте «құмшекер» деп атайды. Сондай-ақ түрлі өңірлерде «орамал», «сүлгі», «майлық» бір мағына береді. Жергілікті тілдің ерекшелігіне қарай шығыста «тегене», өзге өңірлерде «табақ», «шылапшын» сөздері қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар, еліміздің батыс өңірлерінің тұрғындары не зат (не?), нән (үлкен), көпшік (жастық), құрттай (кішкентай), кіл (ылғи), зілдей (ауыр), мана (бағана) және т.б. диалект сөздерді жиі қолданылады. Сым (шалбар), бедіре (шелек), әңгелек (қауын), дарбыз (қарбыз), ашық-машық (топса), бопты (болды), тұқым (жұмыртқа) деген сөздерді Оңтүстікте естисіз. Ал Алматы жақтың тұрғындары ожауды қолбақыр деп те атайды. Шығыс жақтың қазақтарынан жоян (жуан), картопия (картоп), неме (немене?), көп-көрім (тәп-тәуір) секілді сөздерді естісеңіз таң қалмаңыз. Ал әйдік (үлкен), дөкей (мықты), тақ (орындық) секілді сөздерді жиі қолданатын адамды кездестірсеңіз, ол солтүстік өңірдің тұрғыны болуы ғажап емес. Әрине, мұндай мысалдарды тізбектесек әлі де біраз бет толтыруға болады. Айтпағымыз - қазақ тілінің ұлылық қасиеті. Бірқатар өзіндік ерекшеліктерге қарамастан еліміздің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан қазақстандықтар бір-бірімен еш қиындықсыз түсініседі. Әр өңірде қолданылатын ерекшеліктер қазақ тілінің қаншалықты бай тіл екенін ғана көрсетеді.
Ақпарат көзі: Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/onirdegi-kazak-tilinin-kyzyktary_a2973082
Кусаинова С.Т.