Тіл – халықтың басты қарым-қатынас құралы. «Балық тілсіз болса да, халық тілсіз болмайды» деген Қадыр Мырза атамыздың нақылындағыдай, тілсіз халық түгіл жеке тұлға өмірін елестету қиын. Толыққанды адам ретінде өмір сүрудің негізгі кілті – қоршаған ортамен байланыс болса, бұл байланысты қамтамасыз ететін басты элемент – тіл.
Жалпы, Жер жүзінде 6000-нан астам тіл болса, оның ішінде қолданыстағы мемлекеттік статусы бар тілдер және жойылу алдында тұрған сонымен қатар атауларын тек тарихтың көне ақпараттарынан көз шалып қалатын, бүгінде жер бетінде жоқ тілдер де бар. Сонымен қатар, «мемлекеттік тіл» мәртебесіне ие болғанымен, статусына сәйкес құрметке ие бола алмай келе жатқан тілдер де бар. Тіл тағдыры ел тағдырымен біртұтас болғандықтан, тілдің мәңгі жасауы халықтың ұлттық құндылықтарын жоғарғы дәрежеде дәріптеуімен сипатталады.Дербес еліміздің тарих тамыры тереңге бойлаған, қасиет оты еш сөнбес ұлттық тілі әр қазақ патриотының жүрегінде сөйлеп тұр.
Тілді құрметтейтін ел ретінде алдымен қазақ тілін біліп, орыс және ағылшын тілдерін белгілі бір мақсатар үшін меңгеруіміз керек. . Еліміздің бәсекеге қабілеттілігі үшін елбасымыз «Үштұғырлы тіл» саясатын енгізді . Ондағы мақсат елімізге ағылшын, орыс тілдерін үйретіп қазақ тілін тереңге көму емес. Дана халқымыздың «өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген нақылы қазақ тілінің маңызын нақтылай түсті. Орыс тілінің басымдығын сөз етсек болғаны, «қаншама жыл орыс құрсауында болдық деген» деген сылтаулар айтылады. Ол дәуір өтті, бүгінде егемен елміз, тілді үйренем деушілерге мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіледі. Көп жағдайда, қазақ тіл дәрежесінің төмендігін оның үйретілу сапсынан емес, сұраныстың аздығынан, тиісті дәрежеде қажеттіліктің болмауынан іздеген дұрыс. Қазақ тілін білуге қойылатын талап жайы тіпті әділетсіз.
«Ұлттың тілі – ұлттың ділі» деп, халық даналары айтқандай, ұлтымызды сақтайық. Ана тіліміздің айбынын асқақтатып, қасиетті қазақ жерінде қаазқ тілінің мәртебесін көтерейік! Төл тілімізден қашпай керісінше төрге сүйрейік сонда ғана Қазақстан түндігі берік ел болмақ!
Кусаинова С.Т.