Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі атынан вице-министр Мирас Мұхтарұлы Дауленов 20-22 қаңтар аралығында Лондон қаласында (Ұлыбритания) өткен бүкіләлемдік білім беру форумына қатысты. 2020 жылға арналған жыл сайынғы форумның тақырыбы - «Бір ұрпақ: білім беруді трансформациялау үшін не қажет?».
Дүниежүзілік білім беру форумы – бұл жыл сайынғы ең ірі Министрлік конференциясы, оның аясында білім берудің өзекті мәселелері, жаңа зерттеу және тәжірибелік білім беру әзірлемелері талқыланады. Сонымен қатар, білім саласындағы көшбасшылар форум алаңында білім беруді трансформациялау мәселелерімен және үздік педагогикалық және басқарушылық тәжірибелермен бөліседі.
Іс-шараға әлемнің 95 елінің білім көшбасшылары мен сарапшылары қатысты.
М.М. Дауленов «Қазақстан: білім берудің дәйектілігі мен үзілмегендігі» тақырыбында баяндама жасай отырып, Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдарға арналған Білім және ғылым дамуының мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде білім берудің барлық деңгейлері бойынша негізгі аспектілерді атап өтті. Осылайша, білім беруді жетілдіру және білім алушылардың заманауи және қажетті дағдыларын игеру бойынша шаралар аталды.
Іс-шара аясында М.М. Дәуленов Кембридж университетінің өкілдерімен кездесіп, ҚР-ның жетекші британдық ЖОО-мен ынтымақтастығын тереңдету келешегін және ағымдағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады.
Сондай-ақ, Британдық Кеңес басшылығымен, алдыңғы қатарлы білім беру технологияларына маманданған жетекші әлемдік компаниялардың басшыларымен бірқатар кездесулер өткізілді.
М.М. Дәуленовтің сапары аясында британдық жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатқан «Болашақ» түлектерімен дәстүрлі кездесу өтті. Кездесу барысында «Болашақ» бағдарламасын жаңғырту, сондай-ақ «Болашақ» түлектерін жұмысқа орналастыру бағыттары талқыланды.